Бастапқы бет

Ескі көлігін жоюға тапсырған қазақстандақтар 7 мыңнан астам су жаңа отандық автокөлік сатып алды

27.06.2018

Ескі техниканы жоюға тапсыру арқылы жаңа көлік сатып алуға жеңілдік беретін сертификат бағдарламасына бір жыл толды. Осыған орай ӨКМ Операторы мен Қазақстандық автоөндірушілер аталған Бағдарламаға қорытынды жасады. Бір жыл ішінде жеңілдік сертификатын 10 мыңнан астам адам отандық жаңа көлік сатып алуға пайдаланған (екі сертификатты біріктіру арқылы да).

12 айдың ішінде жеңілдік сертификаты бағдарламасы бойынша 14 632  көлік құралы жоюға қабылданды. Аталған бағдарлама бойынша негізінен жеңіл автокөліктер тапсырылды.  Жоюға өткізген жүк көліктерінің саны 343. Атап айтар болсақ оның 200-ден астамы автобустар мен газель сияқты жолаушылар көлігі. Қорыта келгенде берілген  сертификаттың  13 455-і жаңа көлік сатып алуға пайдаланылды. Соның нәтижесінде 7 359 қазақстанда құрастырылған автокөлік саудаланды.

Ескі көлікті жоюға тапсырып ақшалай өтемақы беретін (150 мың немесе 48 мың теңге)  бағдарлама да 2016 жылдың 21 қарашасынан бастап жүргізіліп келеді. Бұл бағдарлама бойынша ӨКМ Операторы бүгінгі күнге дейін (26.06.2018.) 54 249 көлік қабылдады. Көлігін жоюға тапсырғандарға 8, 139 млрд теңге қаражат аударылды.

Қос бағдарламаның нәтижесінде Қазақстан бойынша бас-аяғы 68 881 тозығы жеткен көлік құралы жоюға қабылданды.

Жоюға тапсырылған көліктердің басым бөлігін кеңестік кезеңде шығарылған («Жигули», «Москвич», «Волга» т.б.) көліктер. Олардың  арасындағы ең ескісі 1946 жылы шыққан «Москвич 400» болса, ең жаңасы 2014 жылы шыққан «LADA» 21901 көлігі.

Ескі көлікті жою бағдарламасы отандық автопаркті жаңартып, экологиялық көлік құралдары өндірісін ынталандыру және қайта өңдеу саласын инфроқұрылымын қалыптастыруға мүмкіндік береді.